CFive орталығының Италия мен Польшаға сапары

2026 ж. 17 мау., ср, 05:19

Ағымдағы жылдың алғашқы жазғы онкүндікте Астана Халықаралық Университеті (AIU) қарасты CFive талдау орталығы өкілдері Италия мен Польшада өткен бірқатар халықаралық сарапқа толы іс-шараларға қатысты. Бұл жиындар Қазақстан Республикасындағы саяси және институционалды өзгерістерді талқылауға арналған. Пікірталастардың негізгі тақырыбы ретінде конституциялық реформалардың жүзеге асырылуы және олардың елдегі мемлекеттік басқару мен қоғамдық-саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға тигізетін әсері алынды

Маусымның 3і күні Рим қаласында Италияның Азия институтының (ISIA) бастамасымен Италия Республикасы Сенатының ғимаратында «Қазақстандағы конституциялық реформалар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараға еуропалық саяси және сарапшылық топтардың өкілдері, соның ішінде Еуропалық парламенттің Орталық Азия елдерімен байланыс жөніндегі делегациясының төрайымы Джузеппину Принчи, Италия СІМ-нің С5+1 форматындағы министрлік кездесуінің үйлестірушісі Франческо Фаиллу, сенатор Андреа Тревизи, Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, сондай-ақ ISIA басшылығы қатысты. CFive талдау орталығының атынан Сапарғали Шалгимбаев қатысты.

Талқылау барысында қатысушылар Қазақстанда жүріп жатқан реформаларға оң баға беріп, олардың жүйелі, кешенді және институционалдық сипатын атап өтті. Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, саяси есеп тетіктерін нығайту және шешім қабылдау процестеріне азаматтардың қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлінің артып келе жатқанына аса мән берілді, бұл еуропалық мемлекеттердің, соның ішінде Италияның Астанамен саяси және экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға деген қызығушылығын арттыра түспек.

Ал маусымның 8і күні Варшавада Польшаның «The Opportunity Institute for Foreign Affairs» (OIFA) талдау орталығының шақыруымен «Қазақстандағы конституциялық реформалар: даму жолдары және мемлекеттік трансформация» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Polska Agencja Prasowa» мемлекеттік ақпарат агенттігінің алаңында ұйымдастырылып, Польша мен Қазақстанның сарапшылар қауымдастығының басын қосты. Қатысушылар арасында Польша Министрлер Кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары және Экономика министрі Януш Пехочиньский, OIFA жетекшісі Малгорзата Самоедны, Михал Бойм атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институты басқармасының мүшесі Ежи Олендзки, сондай-ақ CFive басшысы Сапарғали Шалгимбаев болды.

Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты динамикасының айқын көрінісі деп баға беріп отыр. Еліміз мемлекеттік институттарды жаңғырту мен ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Сарапшылық бағалауда өзгеріске еніп жатқан реформалардың мемлекеттік басқарудағы тиімділігін арттыру және елдің халықаралық деңгейдегі рөлін нығайту құралы ретінде маңызды екені белгілі. 

Бұл іс-сапардың оң нәтижесі ретінде AIU қарасты CFive талдау орталығы мен Польшаның OIFA зерттеу орталығы арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюын айтуға болады. Аталмыш құжат сарапшылық өзара іс-қимылды дамытуды, бірлескен зерттеулер мен іс-шаралар өткізуді көздейді, сондай-ақ CFive орталығының халықаралық ынтымақтастығындағы еуропалық бағытты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.

Италия мен Польшада өткен кездесулер еуропаның саяси және сарапшылық-талдау топтары Қазақстанның саяси жаңғыру процестеріне деген тұрақты қызығушылығы бар екенін тағы да дәлелдеді. CFive өкілдерінің халықаралық алаңдарда спикерлер ретінде бас көтеруі орталықтың сарапшылық әлеуетінің рөлі артып келе жатқанын және оның талдаулық бағалауына шетелде сұраныс жоғары екенін көрсетеді.


1590