Азаматтық қоғамды бірге дамыту: Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиеваның сапары

2026 ж. 17 сәу., жм, 14:51

Университетіміздің қабырғасында Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті Бану Ғаниқызы Нұрғазиевамен маңызды кездесу өтті. Кездесу барысында университетті таныстырып, оқу орнының жетістіктері мен болашақ жоспарлары талқыланды. Сондай-ақ, академиялық орта мен үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті нығайтудың нақты қадамдары белгіленді.

Қазақстан Азаматтық Альянсының тарихы тереңде жатыр. 2005 жылы үкіметтік емес ұйым ретінде конфедерация нысанында 80-нен астам ұжымның басын қосқан құрылым болды. Ал бүгінде ҚАА — еліміздің барлық өңірінде 20 азаматтық көшбасшының басын біріктіріп отырған қуатты желі.

Бану Ғаниқызы атап өткендей, Қазақстанның қазіргі үкіметтік емес секторы — еркін және серпінді алаң. Альянс жұмысының басты қағидасы: «Революция емес, эволюциялық жолмен даму». Ұйым әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдарын әзірлеу үшін семинарлар мен брейн шторм өткізіп, сындарлы дамуға басымдық береді.

ҚАА қызметі ел шеңберінен тыс жерлерде де танымал. Ресей Федерациясының Қоғамдық палатасымен және Бүкілресейлік жергілікті өзін-өзі басқару қауымдастығымен тығыз серіктестік орнатылған. Маңызды бағыттардың бірі — Қазақстанның Халықтық дипломатия орталығы.

ҚАА инклюзивті кеңістік құруға ерекше көңіл бөледі. Ұйым кеңсесінің жұмысы — сөздің емес, істің нақты көрінісі: мысалы, ҚАА сайтын жүйелі басқарумен және жаңартумен БЦП (ДЦП) диагнозы бар талантты бойжеткен айналысады. Бұл Альянстың баршаға тең мүмкіндіктер беру қағидасына адалдығын дәлелдейді.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚАА мен университет арасындағы ынтымақтастықтың келесідей жоспарлары айтылды:

  1. Азаматтық көшбасшылар форумы: Альянстың өңірлік көшбасшыларын университетке шақырып, ауқымды форум өткізу ұсынылды. Бұл студенттерге ел өмірін өзгертіп жүрген практиктермен тілдесуге бірегей мүмкіндік береді.

  2. Студенттердің әлеуетін арттыру: ҚАА жастармен белсенді жұмыс істеуде. Мысалы, Халықаралық қатынастар (ХҚ) факультетінің 16 студенті Альянс құрылымдарында тәжірибеден өтіп, құнды дағдылар жинақтады. Бұл бағдарламаны алдағы уақытта кеңейту жоспарлануда.

  3. Ғылымды қолдау: Докторанттар мен ғылыми қызметкерлер үшін далалық зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашылады. ҚАА өзекті әлеуметтік тақырыптар бойынша сауалнамалар мен ауқымды зерттеулер ұйымдастыруға көмектесуге дайын.

Кездесу соңында тараптар жетекші жоғары оқу орны мен ҮЕҰ-ның ең ірі бірлестігі арасындағы серіктестік жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға серпін беретінін атап өтті.


175