2026 жыл, 7 сәуір күні университетімізде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Майра Ильясовамен кездесу өтті. «Музыкалық оқыту» білім беру бағдарламасының ұйымдастыруымен өткен бұл шара еркін форматтағы шынайы сұхбатқа ұласты.
Сұқбат барысында Майра ханым өзінің өнер жолындағы алғашқы қадамдарынан бастап, бүгінгі биік белестеріне дейінгі басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Ол өнер адамының қалыптасуындағы қиындықтарды жасырмай, сахна талап ететін темірдей төзім мен қажырлы еңбектің маңызын ерекше атап өтті. Студенттер әншінің жеке өмірбаянынан бұрын-соңды айтылмаған тың ақпараттарды естіп, өнер жолындағы кедергілерді қалай жеңуге болатыны жайлы құнды кеңестер алды. Майра ханым өмірдің соқпақтары мен қуанышты сәттерін шынайы баяндай отырып, жас буынды адалдық пен кәсіби шеберлікке шақырды.
Кездесу барысында студенттеріміз өз өнерлерін ортаға салып, бірнеше музыкалық номер арқылы мәртебелі қонақты тәнті етті. Жиналған қауым өнер иесіне көкейкесті сұрақтарын қойып, әзіл мен парасатты ой егіз өрілген әдемі әңгіменің куәсі болды. Кеш соңында Майра ханым өзі де ән шырқап, әнді қосылып айтқан, би билеп, белсенділік танытқан студенттер мен оқытушыларға 9 мамыр күні Алматыда өтетін «Сағындырған әндер-ай» атты ретро-концертіне билеттер сыйға тартты.
Университет ұжымы да бұл тұрғыдан өнер иесіне өзіндік сый-сыяпатын табыстады. Студентіміз Сымбат Әшеева өз қолымен салған ғажайып картинасын тарту етті. Туындының шеберлігіне таңғалған Майра Ильясова жас суретшіге де өзінің концертінен билет сыйлады. Кездесу өте көңілді әрі жоғары деңгейде өткеніне ешбір күмән жоқ.























