2026
жылдың 27 наурызында Астана қаласында «Мектеп және университет: жаһандық
трендтер жағдайында білім беру интеграциясы» атты IV Халықаралық
ғылыми-практикалық конференциясы өтті. AIU Педагогикалық институты
ұйымдастырған бұл шара Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Әзербайжан
елдерінің ғалымдары мен мұғалімдерінің басын қосты.
Жиынның
басты тақырыбы — заманауи білім беру саласындағы өзгерістер болды. Сарапшылар
жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың оқу процесіне қалай әсер
ететінін талқылады. Бүгінгі таңда мұғалімнің рөлі қалай өзгеретіні және болашақ
студенттерге қандай дағдылар қажет екені туралы маңызды пікірлер айтылды.
Конференцияда
тек технология емес, сонымен қатар бала тәрбиесі мен психологиясына да үлкен
көңіл бөлінді. Мамандар мектептегі буллингпен күресу, инклюзивті білім беруді
дамыту және ерекше балалардың ата-аналарына қолдау көрсету жолдарын қарастырды.
Мұндағы мақсат — мектеп пен университеттің арасындағы байланысты нығайтып,
болашақ мұғалімдерді жаңа әдіс-тәсілдермен даярлау.
Пленарлық
мәжіліс соңында Педагогикалық институттың деканы Жанна Қуанышқызы сөз алып,
білім саласындағы мамандардың бірлесе жұмыс істеуі өте маңызды екенін атап
өтті. Сонымен қатар, білім беру саласына зор үлес қосқан бірқатар мұғалімдер
мен қатысушыларға алғыс хаттар табыстады.
Секциялық
жұмыстарда математиканы оқыту әдістемесінен бастап, экологиялық білім мен
халықаралық заңнама мәселелеріне дейін талқыланды. Қатысушылар жасанды
интеллектті қолданудың әдеп нормалары мен цифрлық сауаттылық туралы ой бөлісті.
Бұл
конференция Астана Халықаралық университетінің білім мен тәжірибе алмасудағы
жетекші орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Жиын соңында қабылданған
ұсыныстар білім сапасын арттыруға және жаңа трендтерге бейімделуге көмектеспек.














