AIU-да Литваның үздік университетімен кездесу өтті

2026 ж. 10 сәу., жм, 12:08

2026 жыл, сәуірдің 10 күні Astana International University қабырғасында маңызды халықаралық кездесу өтті. Біздің университетіміз Литва делегациясы — Ұлы Витаутас атындағы университеттің (Vytautas Magnus University, VMU) өкілдерін қабылдады. Каунас қаласынан келген әріптестердің сапары 2025 жыл, қазанның 29 күні ресми бекітілген келісімшарттың жалғасы ретінде өрбіді. Екі жақ тараптардың өзара байланысын нығайтудан бөлек, ЖОО  студенттері мен зерттеушілері үшін нақты білім беру бағыттарын пысықтау бүгінгі келіссөздің басты мақсатына арқау болғаны сөзсіз. 

1922 жылы негізі қаланған Ұлы Витаутас атындағы университет Литвалық академиялық орталықтарының ішінде екінші орынға ие. Сонымен қатар, әлемдік QS World University Rankings рейтинг есебіне сәйкес жаһандық үздік жоғары оқу орындарының 5%-ына кіреді. VMU өзінің бірегей «Artes Liberales» (еркін өнер жүйесі) моделімен танымал, ол студенттерге пәнаралық байланыс пен терең тілдік дайындықты ұштастыра отырып, оқу бағдарламасын өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Оқу ордамызда өткен бұл кездесудің нәтижесі әлден айқын десек болады. Келіссөздің басты тақырыбы ретінде қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру болды. Атап айтқанда, біздің тараптан Экономика жоғары мектебі «Халықаралық логистикалық менеджмент» және VMU тарапынан «Логистика және коммерция» бакалавриат бағдарламалары өзара бірлесіп, белсенді жұмыс жүргізбек. Бұл біздің студенттер үшін халықаралық еңбек нарығында мойындалатын екі елдің дипломын алуға мүмкіндік береді.

Қос дипломнан бөлек, тараптар академиялық ұтқырлық бойынша нақты жоспарларды айшықтады: білім алушылармен алғашқы тәжірибе алмасу 2026–2027 оқу жылында басталады. Сондай-ақ қысқа мерзімді курстар мен бірлескен PhD докторантура бағдарламалары да назардан тыс қалмады. Каунастық әріптестер тәжірибе бөлісуге және бірлескен ғылыми қызмет атқаруға дайын екендігін білдірді, бұл біздің докторанттар үшін Литваның алдыңғы қатарлы зерттеу базаларына жол ашады. Бүгінгі AIU мен VMU арасындағы келіссөз — сапалы білімді еш шектеусіз беруді мақсат еткен екі заманауи классикалық университеттің одағы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


238