Astana International University базасында Педагогикалық институттың
Инклюзивті және қосымша білім беру бөлімінің бастамасымен «Ерекше білім
беру қажеттіліктері бар студенттерге жеке қолдау көрсету жолдары: теория
және практика» тақырыбында «Үміт шырағы» волонтерлік клубының
студенттеріне арналған мазмұнды оқыту іс-шарасы өтті.
Кездесудің мақсаты – студент-волонтерлардың ерекше білім беру
қажеттіліктері бар білім алушыларды сүйемелдеу және қолдау көрсету
саласындағы білімдері мен тәжірибелік дағдыларын арттыру, сондай-ақ
университеттің білім беру ортасында инклюзивті мәдениетті дамыту болды.
Іс-шараның құрметті қонақтары, тәжірибелі тифлопедагогтер
Сағимбаева Сауле Лябиевна мен Уралбаев Әділ Ерланұлы өздерінің
ғылыми-әдістемелік тәжірибелерімен, кәсіби білімдерімен және инклюзивті
білім беруді дамытуға қатысты маңызды тәжірибелік тәсілдерімен бөлісті.
Оқыту барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді жеке
сүйемелдеудің өзекті мәселелері, білім алушылармен өзара әрекеттесу
ерекшеліктері, сондай-ақ қолжетімді әрі жайлы білім беру ортасын
қалыптастырудағы волонтерлік қолдаудың рөлі қарастырылды.
Іс-шара ашық диалог, кәсіби пікір алмасу және қатысушылардың зор
қызығушылығы жағдайында өтті. Волонтерлік клуб студенттері белсенділік
танытып, инклюзивті білім беруді қолдауға өз үлестерін қосуға дайын
екендіктерін көрсетті.
Кездесу соңында Педагогикалық институт деканы Ахмадиева Ж.К.
құрметті қонақтарға инклюзивті білім беруді дамытуға қосқан үлестері мен
оқыту іс-шарасына қатысқандары үшін алғыс хаттар табыстады. Ал орталық
басшысы Чокушева А.И. студент-волонтерларды сертификаттармен
марапаттады.
Осындай бастамалар студенттердің кәсіби және әлеуметтік
жауапкершілігін қалыптастыруға, сондай-ақ университет қауымдастығында
инклюзия, өзара көмек және адамгершілік құндылықтарын нығайтуға ықпал
етеді.
