Оқу ордамыз маңызды халықаралық диалогтың жаңа деңгейіне көшті. Университетімізге Финляндия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Янне Хейсканен мырза ресми сапармен келді.
Шара Елші мен AIU Президенті Серік Азтайұлы арасындағы ресми кездесуден басталды. Әңгіме барысында Янне Хейсканен университеттің тыныс-тіршілігімен, академиялық жетістіктерімен және бірегей білім беру ортасымен танысты.
Екі тарап өзара Финляндияның ЖОО туралы, әсіресе заманауи педагогика мен озық үлгідегі оқыту технологиялары мәселелерін талқылады. AIU Президенті финляндиялық әріптестердің қатысуымен Астанада Педагогикалық шеберлік орталығын ашу идеясын ұсынды. Бұл орталық алдымен университет оқытушыларының, кейін елордадағы білім беру мекемелері басшылары мен педагогтарының біліктілігін арттыруға бағытталмақ. Сондай-ақ, AIU-дің туризм жобаларына фин кәсіпкерлері мен еуропалық инвестицияларды тарту жағдайы талқыланды. Тараптар бұл ұсыныстарды Финляндияға жоспарланған сапарлар іс-шаралар тізіміне енгізуге келісті.
Сенім мен сыйластық арқау болған бұл кездесуде Серік Азтайұлы мәртебелі қонаққа университет атынан күш, бірлік пен серпінділіктің символы — қамшы сыйлады. Өз кезегінде Хейсканен мырза университет кітапханасына «Финляндияның 100 инновациясы. Финляндия қалай Финляндия болды: саяси, әлеуметтік және тұрмыстық инновациялар» атты естелік кітабын тарту етті.
Мұнан соң Елші кездесуді студенттермен жалғастырды, «Финляндия — әлемдегі ең бақытты елде сыртқы саясат қалай қалыптасады?» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Ол Финляндияның ішкі әл-ауқаты мен білім беру құндылықтары әлемдік аренаға тиімді дипломатия құруға қалай көмектескенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Студенттеріміз Фин еліне деген ынтызарлығын танытып, дипломатты сұрақ астына алды. Қызу әңгіме барысында білім гранттары мен әйгілі «фин бақытының» құпиялары туралы еркін пікір алмасты.














