МОҢҒОЛИЯДАҒЫ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІЛІМ КҮНДЕРІ»: АТАЖҰРТПЕН АЛТЫН КӨПІР

2026 ж. 27 нау., жм, 13:00

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында 2026 жыл, наурыздың 25-26 жұлдызында «Қазақстандық білім күндері» атты ауқымды көрме-кездесу өтті. Бұл маңызды шараға біздің университетіміздің өкілдері Арайлым Мәлкаждар мен Қуаныш Есентай арнайы қатысып қайтты.

Көрме аясында этникалық қазақ жастары мен олардың ата-аналарына атажұрттағы білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар және «Қандас» мәртебесін алу тетіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Университетіміздің қызметкерлері талапкерлерге оқу бағыттарын, халықаралық жобалар мен студенттерге арналған жеңілдіктерді таныстырды.

«Отандастар қорының» маманы Талғат Кенжеханұлының айтуынша, жыл сайын Қазақстан ұсынатын гранттар мен білім беру мүмкіндіктеріне қызығушылық танытатын шетелдік қазақ жастарының саны артып келеді.

Маманның бұл пікірі өте орынды, өйткені біздің қызметкерлер де Моңғолия жастарының оқу ордамызға деген айрықша ықыласы мен жоғары қызығушылығына куә болды. Бұл іссапардан үлкен әсермен оралған әріптестеріміз қандас бауырларымыздың білімге деген құштарлығы мен Отанға деген шексіз махаббатына тәнті болды. Олар жергілікті жастардың ана тілін ардақтап, атажұртпен байланысты нығайтуға деген ұмтылысын жоғары бағалап, бұл сапардың ерекше шабыт сыйлағанын айтады.


159